Шымкентте дүниежүзілік тазалық күніне орай «Киелі табиғат» бірыңғай республикалық экологиялық акциясы өтті. Сайрам тұрғыналабында арнайы сенбілік ұйымдастырылып, бірқатар кесенелер мен киелі орындарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Ілкімді іс-шараға шаһар жастары және зиялы қауым өкілдері, мәдениет майталмандары мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Жылдағы дәстүрге сай тазалық орнатуға қала жастары білек сыбана кірісіп кетті. Эко акция Сайрам тұрғын алабында ұйымдастырылып, Сайрам қалашығы (Исфиджаб), Абдель-Азиз баб, Ибрагим-ата, Қожа Салих, Мірәлі баб пен Қарашаш ана кесенелері, Қызыр мұнарасы тарихи нысандарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Киелі орындарды сақтап, қалпына келтіру, жастардың бойында эко сананы қалыптастыру басты міндет дейді жауаптылар.

Ал жалпы үшінші мегаполис аумағындағы тазалық жұмыстарына 100 мыңнан аса адам қатысты. Экологиялық акциясының мақсаты – тұрғындарды кешенді тазалық шараларына жаппай жұмылдыру. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізді әлемдік экологиялық акцияға қатысушы, «Жасыл экономика» қағидатын іске асыратын ел ретінде танытуға мүмкіндік береді, дейді сала мамандары.

 Айта кетейік қала бойынша сенбілікте 745 метр куб қоқыс шығарылып 345 шақырым жолдар тазаланды.