Еңбегі көптің - өнбегі көп. Шымкенттік Ескендір Рүстемов 40 жылдан астам уақыт цемент өндіру зауытында жұмыс істейді. Өз ісіне деген кіршіксіз махаббаты - еңбек адамының осынша жыл бір қызметте істеуінің себебі. Кәсібіне адал жан қарапайым жұмысшыдан бастап ауысым басшы лауазымына дейін өскен.

1982 жылы еңбек жолын дәл осы цемент зауытында бастаған азамат бүгінде білікті маман, өз ісінің шебері. Механик көмекшісі, механик, инженер технолог лауазымдарында еңбек еткен Ескендір, қызметі жоғарылап ауысым басшысы болғанына 3 жылға жуықтапты. Қол астында 13 қызметкері бар. Шәкірттері де аз емес.

 Білікті маман білімін шыңдау мақсатында Италия, Болгария елдерінде оқып келген. Жас мамандарға тәлімгер болып, кәсіби кадр даярлауға өлшеусіз үлесін қосқан. Нәтижесінде 2019 жылы «Еңбек жолы» Республикалық байқауына ұсынылып, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жүлделі 2 орынға ие болған.

Бүгінде тәлімгердің шәкірттері  сала маманы атанып үлгерген. Солардың бірі өндіріс операторы Ербол Қалыбеков. Ол өзін кәсіби жұмысшы етіп тәрбиелеген жетекшісіне алғысын жеткізді.

Арда азамат бүгінде үш бала тәрбиелеп, 4 немере сүйіп отыр. Еңбек адамы кәсіпке адалдық, өмірлік ұстанымы екенін айтады. Цемент өндіру зауытында 40 жылдан астам уақыт қызмет етіп, үшінші мегаполситің қарыштап дамуына өз үлесін қосып келеді.