Облыстағы 4 ауданда пилоттық режимде сайлау өтеді. Бұл туралы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы журналистерге өткізген баспасөз брифингінде мәлім етті. Президент Қасым Жомарт Тоқаев өз жолдауында елімізде пилоттық режимде аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауды өткізуді ұсынған болатын.

 Аталмыш ұсынысқа сәйкес, облыстық мәслихаттың сессиясында пилоттық режимдегі сайлау: Бәйдібек, Мақтарал, Созақ және Шардара аудандарында 2023 жылдың 5-қарашасында өткізілетін боп белгіленді. Сәйкесінше, аудан әкімін сайлау бойынша аумақтық округ құрылып, күнтізбелік жоспарға сәйкес дайындық жұмыстары жүргізілуде. Кандидатты ұсыну шаралары ағымдағы жылдың 16-қыркүйегінде басталып кетті, ал тіркеу жұмыстары 10-қазанда аяқталады. Ал сайлау алдындағы үгіт насихат жұмыстары 10-қазан мен 4-қараша аралығында жүргізіледі, 4-қараша тыныштық күніне жалғасады.