Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқан. Алайда, өзекті мәселелері де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында тұрғын үй саласындағы жұмыстар сараланып, кемшіліктер талқыланды.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру межесі қойылған. 8 айдың ішінде  525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден  келісімшартқа сәйкес  2,5 млн. теңге өндірілген.

 Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың да есебі тыңдалды. 2023 жылы жалпы 47,7 млрд. теңгеге 4 403 пәтерлі 66 тұрғын үйдің (4 – қала әкімдігі) құрылысы жүргізілуде. Оның  ішінде 11,9 млрд. теңгені құрайтын 1062 пәтерлі 7 тұрғын үй 2024 жылға өтпелі. Қалған 35,7 млрд. теңгені құрайтын 3341 пәтерлі 59 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталады деп көзделген.

 Жиында үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдер айтылды. Осы орайда, облыс әкімі Дархан Сатыбалды саладағы бірқатар кемшіліктерді атап, тапсырмалар берді.  

Биыл тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстары 10 нысанда, атап айтқанда жаңа стадион маңындағы 7 қабатты, 32 үйдің (9 үй қабылдаудан өткен) ауласын абаттандыру 7 учаскеге бөлініп, жүргізіліп жатыр. Барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері аяқталып, тұрғын үйлерге жалғанған. Ауласын абаттандыру жұмыстары 80 пайызы аяқталып, ойын алаңшалары орнатылған.