«Адал азамат-адал еңбек». Түркістанда осындай атаумен еңбек күні мерекесіне орай, мерекелік іс-шара өтті. Облыстық бақылау жөніндегі басқарма ұйымдастырған шараға, өңір басшысының орынбасары арнайы қатысып, еңбегімен елге танылған азаматтарды марапаттады.
Бүгінгі салтанатты жиынға талай жыл тер төгіп, елге қызмет еткен адал жандар жиылған десек артық айтқанды емес. Олар көпжылғы тәжірибесі мен қызметін отанын өркендетуге арнағандар.
Шараға облыс әкімі орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындарын республикалық «Еңбек күні» мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, республикалық конкурстың жеңімпаздары марапаттап, алғыс хаттар табыстады.
Мерекелік кешке білім саласы, спорт, кәсіпорын жұмысшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Арнайы құрметке ие болған азаматтың бірі 41 жыл ұстаздық еткен Есіркеп Мыңбаев.
Ерекше екпінде өткен кеште өңірлік кәсіпорындардың еңбек жолдары туралы кітап және фото көрмесі ұйымдастырылды.