Шымкенттік ана 1-ші топтағы мүгедектігі бар ұлына мемлекеттен баспана сұрайды. Үй кезегіне 2015 жылы тұрған. Содан бері пәтер жағалап жүрген отбасы өз шаңырағымыз болса екен,-дейді. Көп жағдайда психикалық ауытқуы бар ересек азаматты тұрғын ретінде жалдамалы пәтерге қабылдамайтынкөрінеді. Әскерге сау барып, мүгедек болып оралған Қанат Жұртбаевтың бүгінгі жағдайымен тілші таныстырсын.

Қанат Жұртбаевтың жасы 33-те. Арыстағы темір жол колледжін жақсы көрсеткішпен тәмәмдаған. Оқудан соң әскерге кеткен. Ата-анасының айтуынша әскерлік өмірі шекаралық аймақта өткен. Борышын өтеп келген соң, балада психикалық ауытқу байқалған.

Сырқау баланы ата-анасының апармаған жері жоқ. Қыруар қаржы талап ететін ем-дом үшін басындағы баспаналарын да сатып жіберген. Кезекті ем қабылдау мақсатында Шымкентке қоныс аударған. Үй кезегіне де тұрған. Содан бері 7 жылдың жүзі болды.

 Мүмкіндігі шектеулі азаматтың арызын айтып қалалық тұрғынүй басқармасына барған болатынбыз. Жауап біреу ғана. Күтуге тура келеді.

Алайда Салиха ананың күтуден тағаты таусылған. Айтуынша көпшілік мүгедектігі бар ересек азаматты жалдамалы пәтерге қабылдамайды. Көршілерде психикалық ауытқуы бар адам балаларға тиіседі деген күдік басым. Әзірге бұл отбасы туыстарының үйін жағалап жүр. Оның шектік мерзімі бар. Тағаты таусылған жанұя жомарт жандардан көмек сұрайды. Пәтерін уақытша тұруға беріп, азық-түлік, дәрі-дәрмекке жанасамын деушілерді қуана қабылдамақ.
Экранда: +7 707 858 58 21