Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, барлық құзырлы орган бастықтары, облыс әкімінің орынбасарлары және басқарма басшылары қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде 6 мәселе талқыланды.
Әр мекеме басшысы өзі басқаратын ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Халық мүддесіне бағытталған әрбір қаражат ел игілігі жолында жұмсалуы керек. Біз білім және өзге де салалардағы мәселелерді тұрақты бақылауда ұстаймыз. Осылай деп сөз бастаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталмыш мәселелерді қадап айтты.
Алқалы мәжілісте облыс аумағындағы суармалы жерлерді мемлекет мұқтажы үшін және арнайы қорға алу әрекеттеріне қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы баяндалды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы есеп берді. Оның айтуынша, аудандық әкімдіктер тарапынан Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, арнайы жер қорының суармалы жерлерін нысаналы пайдалану және оларды ауыл шаруашылығы мақсатына байланысты емес басқа мақсаттарға қайта бөлу жөнінде заңсыз шешімдер қабылдау деректері тіркелген.
Мәжілісте Кентау қаласы мен Төлеби ауданы әкімдіктеріндегі сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы аталған аймақ әкімдерінің есептері де тыңдалды. Тиісті ұсыныстар беріліп, алдағы шаралар пысықталды.