Туристі алдап кеткен такси жүргізушілері жайлы деректер бұған дейін болған еді. Алматы, Астана қалаларында ресми тіркеліп, жауаптылар жазасын алды. Ал Шымкентке келетін туристердің қауіпсіздігінің кепілін кім бере алады? Бұл сұраққа «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталық басшысы жауап берді. Не деді екен?
Қаланың бас ресепшн басшысының айтуынша, Шымкентте туристердің таксиске алдануы екіталай. Себебі, біздің шаһардың арзан, қолжетімді бағадағы түрлі қызметі туралы аңыздар ел-елді, жер-жерді шарлап кеткен. Ал туристердің қауіпсіздігіне келсек, бейресми жұмыс істейтін туркомпанияларды тауып, шара қолдану, түрлі төтенше, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін қазір тиісті жобалар қолға алынып жатыр.
Иә, гид-экскурсоводтар жан-жақты болуға тиісті. Бұл оқыс, төтенше жағдайларда олардың әрі құтқарушы әрі дәрігер болып кете беруіне мүмкіндік береді. Одан бөлек, вандалдар мен бұзақылардан да қорғау мәселесі өзекті. Бұл үшін арнайы «туристік полиция» жобасы қолға алынған болатын. Бірақ, олардың құзіреті әзірге кем болып отыр. Сол үішн қазір гидтер біліктілік арттыру курстарынан жиі өтіп отырады.
Статистикаға сүйенетін болсақ, Шымкентке келетін туристер саны жыл сайын артып жатыр. Келген қонақтар санын азаматтардың орналасу орны бойынша есептейді. Соңғы 6 айда шаһарға 200 мыңнан аса турист келген. Ал шетелдік туристерге ғана арналған e-qonaq жүйесі жұмыс істеп тұр. Соңғы 10 айлық көрсеткішке қарасақ, шетелдік туристер саны 36 мыңға жеткен.