Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге Шымсити шағынауданынында бой көтерген Конгрес-холл ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Сонымен бірге шаһар басшысы  Шымкент Сити шағын ауданындағы саябақтың құрылыс жұмысын аралап көрді.

Қазір Конгрес-холда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, нысанның персоналды басқару жүйесіне мамандар оқытылып жатыр.  Заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратта халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге барлық жағдай жасалып жатыр. Жобаға сәйкес бірінші блокта мәдени іс шараларға арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2 066 орындық көрермен залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз залы, техникалық бөлмелер бар. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы, шеберхана қарастырылған.  Қала әкімі жауаптыларға озық үлгіде жабдықталған жаңа нысанның мүмкіндігін арттыруда бірқатар тапсырма берді. Конгрес-холл өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

ШЫМКЕНТ СИТИДЕ АУМАҒЫ 45 ГЕКТАР САЯБАҚ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент Сити шағын ауданындағы саябақтың құрылыс жұмысын аралап көрді.  Аталған шағын ауданда 3 аумақта саябақ салу жоспарланған. Бірінші аумақ 18 гектар, екінші 20,4 гектар, үшінші 6,9 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 18 гектар аумақтағы демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері толық аяқталған. Ал 20,4 гектар аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Саябақты көгалдандыру алаңы – 128 036 шаршы метр. Мұнда 40 балалар ойын алаңшасы мен 19 спорттық алаңы орналасады. Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жүгіру жолақтары және жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті мен 7 мыңнан аса гүл егу жоспарланған.
Бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстары 80 пайыз аяқталды. Өндірістік кестеге сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қаланы жасыл желекке бөлеу мақсатында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға халық тынығатын нағыз жайлы орта қалыптастыру керектігін жеткізді.