Еліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірі де бірегейі – М. Әуезов атындағы ОҚУ-не «Зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Үкімет қаулысын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орнының 80 жылдық мерейтойында хабарлады. Тарихы терең білім ұясының салтанатты шарасына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысып, үкімет басшысы Әлихан Сымаиловтың лебізін жеткізді.  

Мерейтой әлқиссасы Университеттің бас ғимаратының алдында орналасқан қазақтың Заңғар жазушысы М. Әуезовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Айтулы шара рухани азық шарапатын сезіндіреді. Есіктен енген сәттен-ақ, торқалы тойдың лебі еседі. Мерейтойға келген мәртебелі қонақтарқа «Ізгі ниетпен, Ауэзов Уни» деп аталатын  АРТ жоба ұсынылды. Онда тарихы терең білім ордасының ғылыми әлеуеті, өнер-білімі, сән-салтанаты таныстырылды. Салтанатты шараның негізгі бөлімінде ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз алды. Ведомство басшысы ғылым мен білімнің қарашаңырағы М. Әуезов Университетінің торқалы тойына құралақан келмепті. Көпшілікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Бүгінгі таңда Auezov University академиялық және ғылыми қызметте тамаша нәтижелер көрсетуде. Соңғы төрт жылда университет ғалымдары химиялық технология, құрылыс, фуд-инжиниринг, био және нанотехнология және т. б. салаларда бес миллиард теңгеден астам гранттық жобалар мен бағдарламаларды орындады. Осы жетістіктері үшін Үкімет қаулы қабылдады. Ордалы оқу ордасына «Зерттеу университеті» деген мәртебе берілді.

Мұндай статус ЖОО-да саусақпен санарлық. Қазақ Ұлттық, Еуразия Ұлттық, Қазақ ұлттық аграрлық және Алматыдағы Сәтбаев  университеті. Енді бұл тізімге М. Әуезов атындағы Зерттеу университеті қосылды. Бұл жиынға сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те арнайы қатысып, ақжарма тілегін ақтарды.

«80 жылдық мерейтой біз үшін мерекелік іс-шара ғана емес, сонымен қатар бүгінгі күннің шындығын бағалау мен университеттің даму болашағын терең талдау. Бүгінгі таңда Әуезов университеті қарқынды дамып, стратегиялық серіктестікті қарқынды дамытуда», - деп атап өтті М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова.

80 жылдық тарихында іргелі оқу ордасын 16 ректор басқарды. Тарих ғылымдарының професссоры, еңселі оқу ордасының Дария Пернешқызы 17-ші басшысы. Отты жылдары негізі қаланған оқу орны әуелі химиялық-технологиялық мамандықтар бойынша білім берді. Бұл үрдіс бүгінге дейін жалғасын тауып, мақтаулы маман даярлауда көш басында келеді. Қазір университет түлектері сапалы кәсіби білімі арқылы талайларды таңдай қақтырып жүр. Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова бұл оқу ұясына Ұлттық университет статусын беру керек деген пікірде.

 М. Әуезов-Ұлы тұлға. Заңғар жазушының есімін иелеген білім ордасында осыдан бірер жыл бұрын «Мұхтартану» орталығын ашты. Қазір мұнда жазушының қаламынан туған дүниелер мен Әуезовтың таңдайқақты қырларын ашу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұхтар Әуезовтың немересі  Зифа-Алуа Мұратқызы оқытушы-ғалымдардың осы еңбегін ерекше атап өтті.

Тарихы терең оқу орны 80 жылдық торқалы тойға толайым табыстармен жетіп отыр. Нақ осы университеттің арқасында өңірге бір миллиард теңгеден астам сомаға Инвестиция тартылған. Бүгінде Auezov University елімізде өңірлер арасында қуатты студенттік корпусқа ие.  Отыз мыңға жуық студенті бар. Салтанатты жиын одан әрі ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, шетелдік оқу орындары ғалымдарының қатысуымен өтетін конференцияға және халықаралық форумға ұласты.