Астана қаласында ересектер арасында бокстан Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасының финалдық жекпе-жегі аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша жерлесіміз Махмұд Сабырхан Ақмола облысының спортшысы Оразбек Асылқұловтан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.

4 жылда бір ұйымдастырылатын бәсекеге 13 салмақ бойынша 176 спортшы қатысты. 51 келідегі Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбайдың жекпе-жегін көпшілік тағатсыздана күтті. Нәтижесінде Сәкен Бибосынов жеңіске жетіп, турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Бұдан бөлек ұлттық құрама сапында байрағымызды желбіретіп жүрген Махмұд Сабырхан, Дулат Бекбауов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай өз салмақтарында қарсылас шақ келтірмеді. Жалпы есеп бойынша Астана қаласының боксшылары 3 алтын, 2 күміс медальмен топ бастады. Жамбыл облысы екінші болса, Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері қола медальге ие болды. Спартакиадада топ жарған былғары қолғап шеберлері келесі жылға жоспарланған халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына лицензия беретін турнирлерге қатысады. Турнир қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде еліміздің бірінші нөмірлі атанған боксшылары ұлттық құраманың мүшесі ретінде халықаралық жарыстарға қатысады.