Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Әзіл-сықақ және сатира театрында болып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. 1949 жылы пайдалануға берілген нысан тозығы жеткендіктен күрделі жөндеуге жарамсыз деп танылған. Әкім мұнан өзге олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорт мектептерін аралады. Болашақ ел чемпиондарына қажетті жағдайды жасауды тапсырды.

Бүгінгі таңда әзіл-сқақ және сатира театрының репертуарында отандық туындылармен қатар, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының 20-дан астам түрлі жанрдағы қойылымдары бар. Қазір мұнда 88 қызметкер жұмыс істейді. Театр ұжымы драмалық, комедиялық шығармалармен қатар балалар және жасөспірімдерге арналған түрлі қойылымдарды қоюмен, концерттік, ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынумен ерекшеленді. Қала әкімі жауаптыларға шығармашылық ұжымның жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сала басшыларына театрдың ғимарат мәселесін шешуде ұсыныстар әзірлеу қажеттігін жеткізді. Әкім сондай-ақ, «№ 15 жекпе-жек түрлерінен кешенді олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен» танысты. Аталған спорт мектебінің жай-күйін бақылаған қала басшысы жаңа ғимарат салуға және қасында орналасқан футбол алаңын мемлекет меншігіне алып, спорт мектебінің игілігіне айналдыруға тапсырма берді. Қаладағы «№ 16 гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 505 спортшы шұғылдануда. Жабдықтар залдың көп бөлігін алатындықтан, қосымша зал қажеттілігі туындап отыр. Қала әкімі мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Ләззат Тәжиева атындағы № 4 олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары ескек есуден байрақты бәсекелерде топ жарған. Азия ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 1 қола, Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, ал Әлем кубогында 1 алтын медалды ел қоржынына салды. Спорт мектебінің жағдайын бақылаған қала басшысы жауаптыларға жүзу бассейнін заманауи үлгіде қалпына келтіруді жүктеді.