Бүгін Шымкенттегі бірқатар басқарманың басшысы тағайындалды. Енді Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы қызметін Бахтияр Өнербаев атқарады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша, қала әкімінің өкімімен Бахтияр Әлтайұлы Өнербаев Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

БАХТИЯР ӨНЕРБАЕВ ІШКІ САЯСАТ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ БОЛДЫ

Бахтияр Әлтайұлы 1967 жылғы 9 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Мамандығы – химия, құқықтану. Еңбек жолын 1989 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеті органикалық емес химия кафедрасының аға оқытушысы болып бастаған. 1990-2012 жылдары жеке секторда, Алматы қаласы жекешелендіру Комитеті, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Президенттің Іс басқармасында, Жоғарғы Сотта және Парламент Сенатының Аппаратында жауапты басшылық қызметтер атқарған. 2014-2016 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2016-2020 жылдары Алматы облысы Текелі қаласының әкімі, 2020 жылы Алматы облысы әкімінің Астана қаласындағы кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы лауазымын атқарды.


ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сонымен бірге Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жаңа басшысы да белгілі болды. Қала әкімінің өкімімен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы лауазымына Жанат Өтебаева тағайындалды.

Жанат Өмірсейітқызы 1970 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында туылған. Алматы халық шаруашылығы институтын қаржы және несие мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1991 жылы Қазақ ССР Жинақ банкi Шымкент облыстық басқармасының бухгалтерлік есеп бөлімінің инспекторы болып бастаған. 1992-2022 жылдар аралығында жеке секторда және әлеуметтік салада жауапты басшылық қызметтер атқарған. 2022 жылдың мамыр айынан бастап бүгінге дейін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарды.