Шардара ауданының жомарт жандарының қолдауымен тағы бір игілікті іс қолға алынды. Аудандағы аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы отбасыларға тегін киім-кешек пен аяқ киімдер берілетін қайырымдылық дүкені іске қосылды. Алдағы уақытта аталмыш дүкенде азық-түлік тарату жұмыстар  да жоспарлануда.

Елдегі жетімінің маңдайынан сипап, жесірінің қолтығынан демеп қамқорлық көрсету, қайырымдылық жасау – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бұл құндылық  халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасқан. Республикалық «Ынтымақ жолы» қоғамдық қоры мен «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының  азаматтарының қолдауымен аудандағы мұқтаж жандарға қолұшын созу мақсатында қайырымдылық дүкенін іске қосты.

Адамдық парызы мен қасиетін бәрінен биік қоя білетін шардаралықтар қамқорлық жасау, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосуда. Қайырымдылық дүкенінде отбасылардан артылған және жаңа киім-кешек, аяқ киімдер топтастырылған.

 Өзінде барды өзгемен бөлісіп, көмекке мұқтаж, көңілі жарым жандардың жанына демеу болу, мұсылман үшін қашанда жат  іс емес дейді қайырымды жандар. Алдағы уақытта  дүкенді күнделікті тұтыну заттарымен, бірінші кезектегі қажетті азық-түлікпен толықтыру жоспарланып отыр. Мұның бәрі қоғамдағы шын мұқтаж отбасыларға тегін таратылмақ.