Шардара ауданында қызылшаға қарсы күрес күшейтілді. Бұл бағытта ауданда арнайы штаб құрылып, нақты жұмыс жоспары бекітілген. Жауаптылар бүгінгі күнге дейін қызылшамен 51 науқас тіркелгенін айтып отыр. Оның 45-і  14 жасқа дейінгі балалар. 9 науқас жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.  

Дәрігерлер сырқат адаммен қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдардың індетті жұқтыру қаупі өте жоғары екенін айтады. Қазіргі таңда ауданда  мамандар жер-жерлерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, жұқпалы ауруға қарсы екпе алудың маңыздылығын түсіндіруде.

Ақ халаттылардың айтуынша аудандағы қосымша жаппай иммундауға жататын 6 ай мен 10 айдың аралығындағы балалар саны 569 болса, 2 жас пен 4 жас аралығындағы бүлдіршіндердің саны 5466-ны құрап отыр. Ал, гриппол ауруына қарсы 8932 азаматтың 8241-іне екпе егіліп, жоспар 91,7 пайызға орындалған. Ауданда жыл басынан бері қызылша ауруымен тіркелген 51 науқастың 45-і 14 жасқа дейінгі балалар болса, 6-ы ересектер. 9 науқас жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.

Айта кетсек, қызылша ауруы пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Мамандар қызба, бас ауруы, әлсіздік секілді аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігерлерге жүгінуге кеңес береді.