Мемлекеттік қызмет мұражайының ашылу салтанатынан кейін, Жастар ресурстық орталығына атбасын бұрған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл жастармен кездесті. Жиында «Қоғамдағы жастардың ролі» тақырыбы қозғалып, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу талаптары түсіндірілді.  Сондай-ақ, кездесуге Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев қатысты.
КСМ: Жаңа Қазақстанды дамытуда жастардың ролі маңызды. Жиында осылай деп, сөз бастаған Ерлан Әбіл елдің қоғамдық-саяси процестеріне жастардың тартылуы, олардың мемлекеттік басқару жүйесіне қатысуымен, саяси партияларға мүше болуы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде және мәслихаттарда өкілдік етуімен, сондай-ақ жастар ұйымдарының қызметіне қатысуымен ролі айқындалатынын жеткізді.

Ұлттың кемел келешегі үшін бүгінгі жас ұрпаққа артылар үміт пен жауапкершілік жоғары. Сондықтан жастардан шынайы патриоттыққа негізделген білім мен біліктілік, креативтілік талап етіледі. Ал, мемлекет осы санаттағы азаматтарды қолдай келе, жастар саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы орайда, жастардың мемлекеттік қызметке келуіне бар мүмкіндіктер жасалған. Кездесудегі сауалдың көбі осы төңіректе болды.

 Жиында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жастарға беретін мүмкіндіктері, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу барысы, магистратура және докторантура бағдарламаларына оқуға түсу мәселелері бойынша да ақпарат берілді.