Әкімдердің жұмысы аймаққа тартылған инвестиция көлемімен бағаланады. Жаңа Үкіметтің алғашқы жұмыс күнінде осылай деген Президент, өңір басшыларына жеке инвестиция тартуды тапсырды. Өткен жылы қала экономикасына инвесторлар есебінен 724,3 млрд теңге қаржы салынған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артып отыр. Ал, биылғы жылдың межесі қандай болмақ? Толығырақ алдағы бейнематериалда.
 Өткен жылы Шымкентке 724,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстыратын болсақ, 26 пайызға артқан. Ал, биылғы жылы тағы да 30 пайызға көбейту көзделіп отыр екен. Яғни, 928 млрд теңге қала экономикасына инвесторлар есебінен тартылады деп жоспарланған.
 Бизнеске қомақты қаржы салуда шет ел инвесторларымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің де үлес салмағы басым. Оларға қолдау көрсету мақсатында бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Нәтижесінде, ірі жобалар жүзеге асырылмақ.
Өткен жылы инвестиция тарту жағынан Маңғыстау облысы көш бастаса, Абай өңірі екінші орынға тұрақтаған. Түркістан облысы үздік үштіктің қатарынан көрінсе, Шымкент төртінші орынға жайғасқан. Енді, әкімдер мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке инвестиция тартатын болады. Олардың жұмысы көлемі сонымен бағаланбақ.