Медициналық көмектің біріңғай топтамасын қалыптастыру керек. Әлеуметтік осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында медициналық жүйені қайта саралауды тапсырды.
 Президенттің айтуынша мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілермен азаматтардың жарналарынан құралатын қаражат есебінен жасақталуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласының бюджеті бес жылда екі есеге артып, 2024 жылы 2,6 триллион теңгеге жететінін айтты. Алайда салада ауқымды нәтиже жоқ екенін жасырмады.  Сондықтан медициналық сақтандыруды реттеп, бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуы керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті
Медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.
 Президент мұның қай-қайсысы да – себепсіз сылтау екенін айтты. Қажет болса, министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Мұны өңір басшыларының тапсырманы орындауға ниеті жоқ екенімен түсіндірді.