Шымкентте «Ұлттық сезім» жалпыұлттық флешмобына атсалысып жатқан ұжымдар қатары артуда. Оңтүстік телеарнасы жолдаған челленджді Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің ұжымы зор құрметпен қабыл ады. Оқу орны жоба аясында әріптестерін ұлттық құндылықтың қайнар көзі – кітап оқуға шақырды.
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ мегаполистегі іргелі оқу орындарының бірі. Ұстаздар ұстаханасына айналған білім ошағы бүгін ұлттық құндылықтың мәнін арттыруға атсалысты. Ұстаздар шәкіртімен, басшылық құрам барлығы университетке қазақы нақыштағы киіммен келді.
«Ұлттық сезім» флешмобы аясында ұжым Өзбекәлі Жәнібековтың «Уақыт керуені» кітабын оқуға шақыруда. Онда қазақы ою-өрнектер мен әшекейлердің мәні мен мағынасы терең түсіндірілген.
«Ұлттық сезім» флешмобы ұлттық мерекеміз Наурызға дейін жалғасады. Бастама аясында аптаның әр жұмасында ұжымдастар ұлттық киім кию үрдісін сақтайды. Жобаны қолдау мақсатында Оңтүстік телеарнасы жолдаған челленджді еліміздегі іргелі оқу орындары жалғастыратын болады.