Шымкентте сүт кластерін дамыту ісі қарқынды жүріп жатыр. Былтыр қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мамандарға осындай тапсырма берген еді. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көп екенін айтқан. Бұл шаһар халқын сапалы өніммен қамтуға беріліп отырған мол мүмкіндік.
Шаһарда сүт өнімдерін қайта өңдеу саласы сұранысқа ие. Онымен айналысатын кәсіпкерлер де бірінен бірі үлгі алып, сапа мен сервисті арттырып келеді. Сондай өнідірістің бірі – «Бөрте милка» ЖШС. Бүгінде бұл жер 100-ден аса жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Тәулігіне 15 тонна сүтті өңдеуге қауқарлы кәсіпорын қаймақ пен айран, сары май, құрт, балмұздақ және балаларға арнап "Бөрте Милка" йогуртының 5 түрін шығарады. Жұмысын бастаған күннен шағын фермерлерден де сүт қабылдапты. Олармен келісім-шарт жасалған. Мұнда барлық жұмыс адам қолымен емес, роботтардың көмегімен атқарылады. Фермада салқындату және жарық жүйесі, тіпті, камера орнатылған. Ал сүт өнімдері швед технологиясы бойынша өндіріледі екен. 2016 жылы «Жылдың үздік кәсіпкері», «Озат инвестициялық жоба», 2017-2018 жылдары қатарынан «Үздік инновациялық жоба», 2019 жылы «Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеудің үздігі», «Жыл бренді» номинацияларын және т.б. бірнеше аталымды иемденген.