Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру мақсатында жауапты сала басышыларының басын қосты. Әкімге заманауи технологияларды ендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалды. Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Бұл каналдардағы су шығынын азайтуға және суды үнемдеп тұтынуға мүмкіндік береді. Оның басты міндеті – шаруаларға тіршілік нәрін уақытылы жеткізіп, егіннің бітік шығуына көмектесу.
Биылдан бастап «Ауыл Аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологиясын сатып алатын шаруаларды 2,5 пайыздық мөлшермен несиелендіру көзделуде.Ағын суды үнемдеу үшін өңірдегі каналдар мен су қоймаларын жөнге келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар өнім көлемін арттыратын озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар.
Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 1000-ға жуық жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытының бастапқы кезеңі іске қосылды. Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген. Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.