23-25 ақпан күндері Астанада «Central Asia FIRST Championship» атты Орталық Азия елдерінің қатысуымен байқау өтіп, Шымкент қаласы «Robo Park» робототехника орталығының тәрбиеленушілері Орталық Азия Чемпионы атанды. Жеңімпаздарды теміржол вокзалынан оқытушылары мен ата-аналары ыстық ықыласпен қарсы алды.
Дәстүрлі сайысқа әлемнің 10 елінен үш мыңнан астам оқушы қатысып, олардың қатарында Гонконг, БАӘ, Түркия сынды шет елден келген дарынды жастарда бар. Іріктеу чемпионатында Қазақстан намысын 200 команда қорғап, байқау нәтижесі бойынша 7- 16 жас аралығынан құралған «Robo Park» орталығының ShymSide командасы Орталық Азия Чемпионы атанып Америка Хьюстон қаласына байқауға жолдама ұтып алды.
Мектеп оқушылары үш негізгі жас санаты бойынша бақ сынады: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Чемпионатта Роботтар ойынынан басқа инновациялық жобалар байқауы мен төрешілер сессиялары қамтылып, атап айтқанда, FLL Explore (6-10 жас)категориясынан түрлі номинация иегерлері атанған. Білім сайысына қатысушы жастар бұл жарысқа 6 ай уақыт жұмсағандарын айтады.
Алдағы уақытта «Робопарк» орталығының білім алушылары 1 мамырда өтетін жарысқа дайындалмақ, олар алдағы уақытта еліміздің намысын Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге шетелде қорғайтын болады.