Жаңа уақыт белдеуіне көшкенде eGov-та техникалық жұмыс жүргізіледі. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қазақстандықтарға eGov жұмысында ақаулар болуы мүмкін екені туралы ескертті. Сонымен бірге Көлік министрлігі де бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты мәлімдеме жасады.
Бірыңғай UTC +05.00 уақыт белдеуіне көшуге байланысты 2024 жылғы 29 ақпанда сағат 22:00-ден 2024 жылғы 1 наурызда 02:00-ге дейін техникалық жұмыстар жүргізіледі, — делінген хабарламада. Осы уақыт аралығында келесі жобалар: eGov.kz порталы және оның құрамдас бөліктері; egov mobile мобильді қосымшасы; «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі; «Техникалық бақылау» бірыңғай ақпараттық жүйесі; «e-Otinish» электрондық өтініштер қызметі; және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүргізетін басқа да ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік дерекқорлар үшін қысқа мерзімді қолжетімсіздік болуы мүмкін.
САҒАТ АУЫСАДЫ: КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ
Көлік министрлігі бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты рейстердің кестесіне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда қайда қоңырау шалуға болатынын хабарлады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ақпараты бойынша, жолаушылар пойыздарының қозғалысына қатысты барлық өзгеріс ресми сайттар мен интернет-ресурстарда қолжетімді. Жолаушылар анықтамалық ақпаратты 1433 нөмірі бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірыңғай анықтамалық қызметі арқылы немесе @KTZH_PP_BOT Telegram-ботының көмегімен тегін ала алады. Азаматтық авиация саласында да тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Air Astana, SCAT және Qazaq Air әуе компаниялары билеттерді сату жүйесінде қажет өзгерістер енгізіп, жолаушыларға тиісті хабарламалар жолданды. Fly Arystan әуе компаниясы рейстер кестесіне өзгерістер енгізу бойынша техникалық жұмыстарды аяқтады. Жолаушыларға нақты ұшу уақыты белгіленген билетті қалай жүктеп алуға болатыны туралы ақпаратты көрсете отырып, хабарламалар жіберілді, — делінген хабарламада. Айта кетейік, 29 ақпаннан 2 наурызға дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жедел штабы базасында 8 7172 798214, 8 7172 798213 нөмірлері бойынша «жедел желі» жұмыс істейді. Сонымен қатар рейс бойынша өзекті ақпаратты нақтылау үшін жолаушылар әуежайдың анықтамалық қызметтері мен әуе компаниялардың Call-орталықтарына хабарласуы керек.