Шымкентте жалған өрт сөндіруші хостел меңгерушісін алдап, ақшасын жымқырған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Алаяқты жедел іс-шаралардың нәтижесінде қалалық ПД-ның киберполицейлері құрықтады.


Ұсталған азамат Шу қаласының 27 жастағы тұрғыны. Тергеу барысында анықталғаны, ол бұрын-сонды осы қонақ үйде бірнеше рет болып, меңгерушінің жеке нөмірін біліп алған. Кейін оған хабарласып, өзін өрт сөндіру қызметкері ретінде таныстырды. Күдікті хостел ғимараты қауіпсіздік талаптарына толық сай келмейтінін және тиісті сертификаттың мерзімін 58 мың теңгеге ұзарта алатынын жеткізген. Сенгіш азамат бірден қажет соманы айтылған шотқа аударған. Уақыт өте алаяқтың арбауына түскенін білген жәбірленуші полицияға осы жайт туралы хабарлаған. Қазіргі таңда қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды.


ЖЫЛЫТУ ПЕШІНЕН АҚАУ ШЫҚТЫ: БІР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

27 ақпанда Шымкенттегі Абай ауданы Игілік шағын ауданында жеке тұрғын үйде табиғи газбен жылыту пешінен ақау шықты. Қайғылы оқиғаның салдарынан үй иесі қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан екі адам және бір техника, "Интергаз" акционерлік қоғамынан үш адам және бір техника жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтау қажет екенін ескертті.