Түркия мемлекетінде өткен ХХ қысқы Сурдлимпиада ойындарында түркістандық спортшы топ жарды. Мейірман Пернеев классикалық шахматтан қола жүлдені қанжығасына байлап, ел намысын қолдан бермеді. Жеңіспен оралған жерлестерін жанкүйерлер күтіп алып, құрмет көрсетті.

Классикалық шахматтан өткен ХХ қысқы Сурдлимпиада ойындарында 13 елдің спортшылары бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. 7 кезеңнен тұратын ойында еліміздің намысын қорғаған Мейірман Пернеев тартысты ойын көрсетіп, қола медалға қол жеткізді.

Мейірман Пернеев – ХХ қысқы Сурдлимпиадасының қола жүлдегері
- Қарсыластарым өте мықты болды. Ел намысын қорғап барған соң осы жарысқа мұқият дайындалып, қызығушылықпен ойнадым. Маған қолдау білдірген азаматтардың барлығына алғыс шексіз.

Туған жерге жеңіспен оралған жерлестерін жанкүйерлер зор құрметпен қарсы алды. Олар өңір мақтанышының алда талай байрақты бәсекеден олжалы оралатынына сенімді.  

Мейірман Пернеев – Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының шәкірті. Аталған спорт мекемесінің ашылғанына небәрі екі жарым жылдай болса да, шәкірттері халықаралық додадаларда топ жарып, ел мерейін үстем етіп жүр.

Айта кетейік, шахматшылар бәсекесінің қорытындысында 11 ұпаймен Польша командасы күміс медаль иеленсе, қоржынында 12 ұпайы бар Хорватия құрамасы алға шықты.