Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылының тұрғындары жаппай салауатты өмір салтын ұстанады. Мұнда арақ-шарап деген атымен жоқ. Той-томалақ тұрмақ, алкоголь өнімдері дүкен сөрелерінен де алынып тасталған. Бүкіл ауданға үлгі болып отырған ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін атсалысып жатқан көрінеді.

Отбасының шырқын бұзатын, соңы тіпті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа дейін жеткізетін ішімдік атаулыға қарсы күрес аймақта айтарлықтай қолға алынып, түрлі іс-шаралар өтіп келеді. Соның бірі Шарбұлақтық тұрғындардың бастамасы. Мысалы, аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, ішімдікті сатуға тыйым салынған елді мекендерде өткен бес жыл көлемінде бірде-бір қылмыс пен отбасылық зорлық-зомбылық фактісі тіркелмеген.

 Әуелі ішімдіксіз өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауыл ақсақалдары мен билері бастама көтеріпті. Игі бастамаға жеке кәсіпкерлер де қолдау білдірген. Нәтижесі де жоқ емес, - дейді ауыл ақсақалдары.

Шарбұлақ ауылында 720 шаңырақ бар, онда 5 мыңнан астам халық тұрады. Ауылдағы 7  дүкеннің барлығында да ішімдік сатылмайды. Тағы да бір қызық дүние, барлық келеңсіз жағдайлар ақсақалдар кеңесімен шешіледі екен.

Қазығұрт ауданында 64 елді мекен бар. Әзірге Шарбұлақ ауыл тұрғындары «Ішімдіксіз ауыл» акциясын жүзеге асырып отыр. Жобаның нәтижесі көңіл қуантарлық, ауыл тұрғындарының түні тыныш, көңілі жай. Берекенің басты себебі ауылда алкогольді сусынның сатылмауы. Бұл бастама өзге ауылдарда жалғасын тапса игі, - дейді тұрғындар.