Шымкентте еліміздің бірнеше аймағында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Қол ұшын созғысы келетін қайырымды жандардың жұмысын «Жастар ресурстық орталығы» үйлестіріп отыр. Онда Республикалық волонтерлық фронт-офистің өңірдегі бекеті ашылып, еріктілер күндіз-түні қызметке тартылған.
Жылу жинауды «Жастар ресурстық орталығы» қолға алған. Бұл бастаманы қаладағы арнаулы және жоғары оқу орындарының белсенді студенттері бірден қолдап кеткен. Жастар шама-шарқынша қаржы жинап, гуманитарлық көмекті арнайы орталыққа жеткізіп жатыр.
Кез-келген төтенше жағдай кезінде күндіз-түні еңбек ететін - волонтерлар. Қаржылай көмектен өзге қол көмектің өзі жығылғанға демеу болады, - дейді олар. Бүгінде аталған пунктте 30-дан аса ерікті ауысыммен жұмыс істеп жатыр.
Волонтерлар жұмыс түрін таңдамайды. Мынау тұрған қап-қап пиязды егістік алқабынан еріктілердің өзі теріп әкелген. Ниет білдірген кәсіпкердің көкөнісін жинап, оны сұрыптап су басқан аймақтардың азаматтарына жөнелтпек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Бүгінде Қазақстанның бірнеше өңірінде мыңдаған тұрғын үй су астында қалып, азаматтар баспанасыз қалды. Кей аймақта қауіп әлі төніп тұр. Сондықтан зардап шеккендерге қаржылай және гуманитарлық көмек беру жұмысы жалғаса береді.