«Айтамын жарамазан үйіңізге...»,-деп, әуелетіп ән салатын өнерпаздар сайысқа түсті. Шымкентте алғаш рет Жарамазаншылардың додасы өтті. Шарада көнерген жарамазан дәстүр жаңғырып, Қасиетті Рамазанның жеткенін сүйіншілеудің түрлі мәтіні ұсынылды. Өнерпаздар тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, ораза айының шын мәнінде мереке екенін тағы бір дәлелдеді.
«Жарамазан жарасар дәстүріме» шарасын өткізуге әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығы мұрындық болған. 3 кезеңнен тұратын байқауға 5 команда қатысты. Негізі мақсат сол – дәстүрді жаңғыртып, жаңаша бағытта дамыту. Әрі кейінгі толқынның жарамазан айтуға деген қызығушылығын арттыру.
Сайысқа қатысушылар алдымен жарамазан жырын айтты. Кейін түрлі тақырыпта бата беріп, викториналық сұрақтарға жауап берді. Әділ қазылардың айтуынша, көше әнін айтуда тілек батаның тереңдігі мен сөз қадірін жеткізгендер ерекше бағаланды.
Жарамазан – қасиетті Рамазан айының келгенін хабарлайтын, халықты ізгілікке үндейтін жырОразаны сүйіншілеу – дәстүрімізде бар жақсы үрдістің, жақсы ғұрыптың бірі. Исламмен біте қайнасқан салтымызды насихаттау, жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыру бағытында өткен шара көрермендерге рухани демалыс сыйлады.
Жарамазан ешбір діндік парыз-сүннеттердің қатарына жатқызылмайды. Десе де дін өкілдері жарамазан – жақсылық жаршысы деп қабылдайды. Ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарамазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңкке ие болуы қажет. Бүгінгі сайысты ұйымдастырушылардың негізгі ойы осыған саяды