Жасанды интеллект арқылы оқушылар мамандық таңдай алады. Шымкенттік білім орталығы нейроқұрылғы көмегімен балалардың қабілетін анықтап, бағдар береді. Жаңа технология арқылы бүгінде шымкенттік 500-ден астам оқушы кеңес алып үлгерді.
Шымкентте мектеп оқушыларына мамандық таңдауға жасанды интеллект көмектеседі. Нейроқұрылығының көмегімен балалар өздерінің қандай қабілеттерін дамытуға болатынын және қандай мамандыққа бейім екенін анықтай алады. Жаңа құрылғы оқушылардың оқу орнын аяқтағаннан соң, білікті маман әрі тұрақты жұмысы бар азамат болып қалыптасуына ықпал етеді дейді мамандар.
Нейроқұрылғы адамның мамандыққа бейімділігін ғана емес, эмоцияларын да көрсетеді. Емтихан тапсырар алдында баланың психологиялық ахуалы да өте маңызды. Бұл мамандардың оқушыға қажетті көмек көрсетуіне де септігін тигізеді. Баланың эмоцианалды жағдайын анықтап, түрлі қайғылы оқиғаның алдын алуға, емтихандағы қобалжу, уайым кезінде өз-өзін қолға алуға үйретеді.
Жалпы білім беру орталығы кәсіби мамандықты таңдауға бағыт беретін 3 кезең бойынша жұмыс істейді. Ал нейроқұрылғы арқылы баланың бейімділігін анықтау алғашқы кезең. Мамандар құрал арқылы оқушының бойында бар қабілеттерді анықтап, соған сәйкес мамандық таңдауға көмектеседі. Бір қызығы, жаңа технологияны мамандық таңдаудан қателестім деп ойлайтын ересектер де сынап көруіне болады.