Шымкентте жыл басынан бері құтыру ауруын жұқтырған 4 ит анықталды. Бұл былтырғы осы кезеңге қарағанда айтарлықтай көп. Қауіпті ауру үй жануарларына көбіне көктем мезгілінде жұғады. Ветеринария басқармасының өкілі жыл бойы қаңғыбас ит-мысықтарды аулау бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Бүгінде шаһарда қанша ит-мысық тіркелген? Биыл қаңғыбас үй жануарларын аулау бойынша жоспар қандай?

 Шымкентте былтыр 1 иттен құтыру ауру анықталған. Әл-Фараби ауданындағы Терещкова көшесінде жеке тұрғынның өз иті аталған ауруды жұқтырған. Залалсыздандыру мен шектеу шараларының арқасында жағдай тұрақталған. Ал биыл құтыру дерегі күрт көбейген.  

Елімізде 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап азаматтарға үй жануарларын тіркеу міндеттелген.  Бұл жүйе үй жануарларының нақты санын реттеу мен қаңғыбас ит-мысықтарды залалсыздандыру үшін қажет еді. Бөлім басшысы тұрғындар бұл жаңалыққа салғырт қарап жатыр, - дейді. Сондықтан да қаңғыбас үй жануарларын аулау жыл бойы жүргізіледі.

Ветеринария бөлімінің басшысы көктем мезгілінде үй жануарлары күйлейтінін айтып, тез көбейетінін жеткізді. Иесіз иттердің де саны артып кету қаупі бар. Ал олар түрлі қауіпті ауруларды жұқтыруға бейім. Сол себепті азаматтар үй жануарларын дер кезінде тіркеп, екпесін алғаны абзал. Айта кетейік, Шымкентте былтыр иесі бар тіркеуде тұрған 100 мың бас ит пен 17 мың бас мысыққа құтыруға қарсы вакцина салынған. Ал 24 мың бас қаңғыбас ит-мысық ауланған. Ал биыл бұл межені 40 мың басқа жеткізу жоспарланып отыр.