Шымкентте мал өсіріп отсаңыз, сақ болыңыз! Себебі алдағы күрндері қалада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарын жою бойынша іс-шаралар басталады. Яғни санитарлық қорғау аймағын құру мақсатында 15 сәуірден бастап кенеге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмысы жүргізіледі.

 Шымкентте жыл басынан бері 24 адамды кене шаққан. Жалпы қала аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары орналасқан. Себебі - аймақта иоксидті кенелер мекендейді. Биыл Шымкентте өңдеу жұмыстарын жүргізуге жататын 10 елді мекен тіркелді.

Кенелердің табиғатқа жаппай шығу әдетте наурыз-сәуір айларында басталады. Ал олардан зардап шеккендердің көбі мамыр-маусым айларында тіркеледі. Бүгінде санитарлық қорғау аймағын құру мақсатында «Ұлттық сараптама орталығының» өңірдегі дезинфекция өкілдігі кенеге қарсы залалсыздандыр жұмысын бастамақ.  

Қала аумағында қора-жайлары бар елді-мекен тұрғындары үйіне іргелес қораларда механикалық тазарту, қоқыстарын шығару жұмыстарын және кене анықталған қораларда шұғыл түрде тұрғындар өз қаражаты есебінен құзырлы мекемелер күшімен дезинсекция жүргізуі міндетті. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен жыл басынан 2 кезеңде қолайсыз елді-мекендерде санитариялық-қорғау аймақтар мен буферлік аймақтар, мал қоралары кенеге қарсы залалсыздандырылады.

Айта кетейік, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары кезінде омарташыларға да өте мұқият болып, дәрілерден араларды сақтап қалу жолын жасау қажеттігін ескертілді. Кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарының ІІ кезеңі тамыз айында жүргізіледі.