Шымкентте су тасқынының алдын - алу жұмыстары күшейтілді. Себебі синоптиктердің болжамынша сәуір айы жауын-шашынды болады. Осыған орай Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері дайындықты пысықтап, өзен-каналдарды бақылауға шықты. Ал жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандары болса, ирригациялық жүйелердің жай-күйін тексеріп жүр.

Шымкентте сәуір айының алғашқы онкүндігінде жауын-шашын мол жауды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері төрт өзен мен отыздан аса каналға тікұшақпен әуеден барлау жасады. Су деңгейі көтерілгенімен, тасқын қаупі жоқ,-дейді олар.

ИРИСМАТ МАХМУДОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БӨЛІМ БАСТЫҒЫ
- Түркістан облысының таулы аймақтарында қардың қоры бүгінгі таңда 29 см құрайды. Бұл бойынша норма 64 см. Жалпы су тасқыны жағдайлары тұрақты бақылауда. Су тасқыны кезінде жеке құрам, азаматтық қорғаудың кіші жүйесі жоғары дайындыққа келтірілген.

Қала аумағындағы су сақтауға арналған Бадам, Тоғыс, Текесу, Ақжар қоймаларында су деңгейі қалыпты. Шамамен 89 пайызды құрайды. Ал Абдуллабад, Базарқақпа тұрғын алаптарында сай-саладан аққан судан қауіп бар. Сондықтан жергілікті әкімдік өкілдері арнайы каналдар қазып, тасқынға тосқын болар жұмыстарды күшейтті.

МЕЙРАМБЕК ОРАЗЫМБЕТ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
- Су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша каналдар және өзен арналарын түзету және механикалау, ирригациялық жүйелерді тазалау жұмыстары жүргізілді.

 Ал ұзындығы 45 шақырым болатын Бадам өзенінің бойында қауіпті 6 учаске бар. Жылдан - жылға өзен арнасы кеңейіп, жүздеген үйдің ауласы тарылып барады. Сондықтан өзен жағалауын нығайту жұмыстары басталды. Ауқымды жобаға жергілікті бюджеттен 5 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Жоспар бойынша Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабынан өтетін өзеннің 9 шақырымы жөнделеді. Десе де құрылысқа құбылмалы ауа-райы қолбайлау болып тұр.


ҚАПБАР ЕСЕНОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ
- Қазіргі кезде бір айдың 15 күнінде жұмыс істесек 15 күнінде жұмыс істей алмай жатырмыз. Өйткені жаңбыр болған уақытта ешқандай техника жүре алмай қалады. Ағысы өте қатты. 1 сағаттың ішінде көтеріледі де 1 сағаттан кейін қайта төмен түседі. Соның салдары көрсетіп жатыр. Көтеріп қойған дамбымыздың өзі шайылып кетіп жатыр. Қайтадан восстановить етіп, істеп жатырмыз.

 Сонымен қатар, қаладағы Ақжар су қоймасы да күрделі жөндеуді қажет етеді. 80-жылдары салынған гидротехникалық нысанның жағайы көңіл көншітпейді. Сарапшылардың зерттеуінен кейін су қоймасына осындай баға берілді. Әзірге бюджеттен құрылыстың жобалау құжаттамасына қаражат бөлініп отыр.