«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шымкент тұрғындары жаппай көшеге шықты. Таңнан бері қаланың 10 жерінде тазалық жұмыстары қарқын алып, көгалдандыруға мән беріліп жатыр. Экологиялық науқанға жиналғандар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасынан кейін экосана қайта жаңғырды деп есептейді.

Тазалық жұмыстары алдымен жаңадан құрылған Шымкент сити Асар 2, шағын аудандарында басталды. Жалпы республикалық науқанға қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері жаппай жиналды. Игі шарадан кәсіпкерлер де шет қалмай, үлгі көрсетіп, көшені көгалдандыруға өз үлесін қосты.

Айналада жүрген адам саны көп. Бәрі бірдей ортақ іске атсалысып жүр. Айтыс ақындары да домбыраның орнына күрек алып, көшенің тазалығына атсалысты. Айтуларынша «қоршаған ортаны қорғау - ортақ міндет».

 НҰРЛАН ЕСЕНҚҰЛОВ АЙТЫСКЕР АҚЫН
- «Еңбек етіп жатырмыз дәл осында. Тазалықтың білеміз бағасын да. Күнде-күнде домбыра тартып жүрміз. Күрек ұстап тұрайық арасында»-деп белсенді кірісіп жатырмыз.

Экологиялық науқанға жалпы саны 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Белгіленген 10 аймақта көше мен аулалар тазаланып, талдардың түбі әктелді. Қоқыс жәшіктері мен орындықтар сырланды.  абаттандыруды бірлесіп, белсенді атқарды.

Әрі қарай жалпы жұрттық акция А2 айналма жолы маңында жалғасты. Тұран ауданының белсенді халқы мен мемлекеттік қызметшілер атсалысып, айналаны күл қоқыстан тазартты. Аудан халқы таза ауа, таза қалада тұру, соны таза ұстау әрбір азаматтың, әрбір тұрғынның міндеті, борышы деп, есептейді.

 Шымкентте республикалық акция аясындағы «Таза өлке» апталығы бүгін кешкі 17:00 ге дейін жалғасатын болады. Одан әрі «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауы бойынша жаппай сенбілік ұйымдастыру жоспарланған.