Шымкентте «Бақытты жанұя» әлеуметтік орталығы жұмыс істейді.  2021 жылы негізі қаланған бұл ұйым тағдыр теперішін көрген талай жанға шарапатын тигізді. Орталық көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған. Сондай-ақ, қапелімде асыраушысынан айрылып, қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай отырған нәзік жандылар нақ осы орталыққа жүгініп, түрлі әлеуметтік қолдауларға ие бола алады.

Гүлбану Тойшиева көпбалалы ана. Бала тәрбиесімен талай жылдан бері үйде отырып қалған келіншек осы орталыққа келіп, оқу курстарынан өтті. Кәсіп үйренді. Қазір ақпараттың дамыған дәуірі. Заман ағымына сай СММ маманы атанды. Гүлбану қолындағы смартфонын пайдаға асырды. Сөйтіп, әлеуметтік желі арқылы әйелдерге арналған сөмке сатып, табыс тауып отыр.

Бақытты жанұя орталығының қызмет көрсету аясы өте кең. Түрлі заңгерлік кеңестер мен Отбасы банк арқылы үй алуға жәрдемдеседі. Жанұядағы тұрмсытық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мен онымен күресу критерийлері де қарастырылыған. Ол үшін психолог, медиатор, заңгер және әлеуметтік мамандардың қызметі тегін.  Кәсіп бастағысы келеген жандарға тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, балаларға арналған массаж, маникюр- дефектолог-логопед сынды түрлі курстарға үйретеді.

Ашылғалы бері 1500 ана дәл осы орталықта білімін жетілдіріп, кәсіп ашуға бейімделді. Ресми ақпаратарға сүйенсек, бүгінгі таңда қала бойынша 20 мыңға жуық аз қамтамасыз етілген және көпбалалы ана бар.
Әлеуметтік категорияларға жататын азаматшалардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында былтыр 500 анаға тегін оқу курстары ұйымдастырылған. Соның ішінде 200 анаға білімін растайтын сертификат табысталыпты.