Келес ауданының тұрғындарын не алаңдатады? Қандай мәселелер бар? Жоспарлар қандай? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Келес ауданы тұрғындарымен кездесуінде талқыланды. Мәселелер ашық айтылып, түйткілдер тарқатылды.Өңір басшысы тұрғындарды ашық диалогқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Облысты, ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқтала кетті.

Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2023 жылы 12 елді мекенде 22 жобаны іске асыруға 2 млрд. теңге бөлінді. Бірлік, Абай, Қияжол, Құйған елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 415 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Абай атындағы мектепке қосымша корпус құрылысы жүргізілсе, Жамбыл, Қошқар ата елді мекендерінде Мәдениет үйлері салынып, пайдалануға беріліп, өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеруде.

Келес ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 32 пайызға өсіп, 2023 жылы 118 млн. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 51 пайызға өсіп, 2023 жылы 12 мыңға жеткен.Кездесуде белсенділік танытқан келестіктер жайылым жер, ауыз су, газбен қамту, жол және өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Ұсыныстар мен өтініштер тыңдалып тиісті бақылауға алынды.

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ КЕЛЕСТІК ТҰРҒЫНДАРҒА ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫН ӨТКІЗДІ

Тұрғындар жеке қабылдауда түйткілді мәселерді ортаға салды. Азаматтар елді мекендегі инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Кәсіпкерлік мәселесін қозғады. Жер және ағын су жайын талқылады. Мәдениет саласына қатысты сауал жолдап, Ақтөбе ауылына мектеп салуды және балық шаруашылығын қолдауды сұрады. Жамбыл ауылдық округі, Байғабыл елді мекенінен келген азамат жер мәселесіне қатысты шағымын айтты. Тағы бірі денсаулығына қатысты көмек сұрады. Сондай-ақ жол мәселесін қозғады. Абай ауылынан келген азамат жер телімін беруді сұрады. Келесі тұрғын баласын шетелде емдетуге арналған тізімге қосып, қаржылай көмек сұрады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлуге ықпал етуді өтінді. Ал, енді бірі Абай ауылындағы мал базардың орнын жаңа салынған базарға көшіруді жөн санайды. Мәселелер бақылауға алынды. Өңір басшысының халықпен кезекті кездесуі мен жеке қабылдауы Сарыағаш ауданында жалғасады.