Түлектер жылдағы дәстүрді жалғастырып Түлкібас ауданындағы мұқтаж отбасыға қуаныш сыйлады. Мектеп аяқтағанына 20 жыл болған азаматтар аудандағы 7 балалы жанұяға 5 бөлмелі, қорасы мен сарайы қарастырылған баспана беріп отыр.


 Осыдан 7 жыл бұрын елімізде алғаш рет Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің 20 жыл бұрынғы түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлап бастаған еді. Игі дәстүрді кейінгі түлектер де жалғастырып, Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов және Ломоносов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан жастары қайталап отыр. Ортадан 10 млн. теңгеден астам қаражат жиналған. Соның 9 млн.теңгесіне үй алып оны толық жөндеуден өткізген. Ішін қажетті жиһаз-техникалармен жабдықтап та беріп отыр. Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді сол баспананың ауласында құдайы ас беріп, Абдулаевтар отбасына табыстады. Бұл отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Шара соңында дәстүр бойынша 2004 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2005 жылғы түлектерге табыстады. Оңтүстіктің киелі аймағындағы игі істер осылай жалғаса бермек.