Түркістанға Корея халықаралық сауда қауымдастығының басқарма төрағасы Юн Джин Сик жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды Кореяның ең алпауыт компанияларының басын біріктіріп отырған KITA қауымдастығының төрағасымен арнайы кездесіп, келіссөз жүргізді.


Түркістан – түркі әлемінің орталығы, тарихи өлке. Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Біздің елдің Корея халқына деген ілтипаты, көзқарасы жақсы. Өйткені бұрыннан тарихи байланыс орнаған. Ал, түркі жұртының рухани ордасы – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.


Дархан Сатыбалды – Түркістан облысының әкімі

Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, бизнесті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалған. Аймақта 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады. Корея Республикасының инвесторларымен фармацевтика, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында әріптестік орнатып, кәсіпорындар ашуға дайынбыз. Білім саласында да әріптестік орнатылды. Облыста кореялықтардың қатысуымен оқу орны ашылады.


Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар мен шешімдер әзірленбек. «Біз өз тарапымыздан «KITA» қауымдастығының құрамындағы компаниялардың Түркістан облысында бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз,-деді Дархан Сатыбалды. KITA қауымдастығының төрағасы Юн Джин Сик қонақжайлық танытқан өңір басшысына алғысын білдірді.

 

Юн Джин Сик – KITA қауымдастығының төрағасы

 – Түркістан төрінде өзіңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. KITA қауымдастығы туралы айта кетсем, бұл – Оңтүстік Кореядағы ең таңдаулы әрі алпауыт кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың басын біріктіріп отырған қауымдастық. Орта және шағын бизнестегі кәсіпкерлер де бізге тіркелген. Біз оларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы мағлұмат береміз.


Алдағы уақытта қос ел Президенттері кездеседі. Сол іссапарда елімізден ірі кәсіпкерлер келеді. Инвесторлардың қазақстандық бизнес өкілдерімен, өңірлерімен әріптестік орнатуы – экономикалық байланысты арттырмақ. Кездесуде Түркістан облысында жүзеге асырылуы мүмкін жобалар талқыланып, әріптестікті нығайта түсу жөнінде келісім жасалды.