Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесті. Келелі кеңеске облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етті. Сондай-ақ аймақ басшысы Кентау қаласындағы индустриалды аймағында болып, онда орналасқан зауыттардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жобаларды пысықтады.

 Жиынға құзырлы орган басшылары мен жауапты басқарманың өкілдері қатысты. Олар қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарларды айтты. Жалпы облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен филиалдары былтыр 348 ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, биыл жыл басынан бері 97 кездесу ұйымдастырған. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Бірлікке үндеген басқосу сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Еске сала кетсек, бүгінде өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Сондай-ақ аймақ басшысы Кентау қаласындағы индустриалды аймақта болып, зауыттардың жұмысымен танысты.

 

КЕНТАУДА КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ КЕҢ ҚАНАТ ЖАЙҒАН

Кентау индустриалды аймағының жалпы ауданы – 43 га. Кәсіпкерлерге жағдай жасау үшін инфрақұрылыммен толық қамту бағытында жұмыстар атқарылуда. Индустриалды аймақта құрылыс материалдарын шығаратын 8 зауыт орналасқан. Құрылысқа қажетті материалдар өндіретін тағы екі зауыт биыл іске қосылады. Қаладағы индустриалды аймағына түнгі жарықтандыру желілерін орнату, темір жол торабы мен газ тарту секілді өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылуда. Полиэтиленді труба шығару цехының жұмысымен танысқан өңір басшысына кәсіпорын иесі өндірісті дамыту жоспарымен бөлісті. 2019 жылы іске қосылған «АБН Альянс» ЖШС-нің өнімдері тапсырысқа орай, Қазақстанның барлық аймақтарына тасымалданады. Жылына 4000 тонна өнім шығарады. 80 адам жұмыспен қамтылған.