Кентауда мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті. Жиында алыс-жақын өңірлерден келген тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Жиналғандар алдымен қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Елдің жарқын болашағы жолында қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған алаш арысын еске алып, ой толғады.

 Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашағы үшін құрбан болған ата-бабаларымыздың әруағына бүгінгі ұрпақ атынан бас иіп, тағзым ету міндет екенін айтты.

 Одан кейін қайраткердің 130 жылдығына арналған негізгі жиын Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. «Сұлтанбек Қожанов және ұлттық мемлекет құру идеясы: тарихы мен бүгінгі тәжірибелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Спикерлер баяндама жасап, ұлт жанашырының өмірі, тарихы жайында пікірлер, жан-жақты тың мағлұматтар айтылды.

 Сонымен бірге Сұлтанбек Қожановтың жиен немересі Гүлсара Қабланова да баяндама жасады. Тарихи мағынаға толы маңызды конференцияда бірқатар азаматқа қала әкімі «С.Қожановқа 130 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Конференция аясында Қожановтың еңбегін айқындайтын көрме де ұйымдастырылды.

Саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналып кете барған ұлттың маңдайына біткен алаштың асылы Ақсүмбенің ақсұңқары, ұлтын шексіз сүйген ұлы тұлға Сұлтанбек Қожановтың еңбегін ұлықтау, дәріптеу бүгінгі ұрпаққа парыз.