Көне шаһар Түркістанға ерекше мәртебе. Мемлекет басшысы түркістандықтармен кездесуде қалаға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Осы бағытта жұмыс жүргізіліп, мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бүгін Түркістанға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Үнзила Шапақ, Абзал Құспан және Нұрсұлтан Байтілесов пен жауапты министрлік өкілдері арнайы келді. Халық қалаулыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, бұл заңның маңызы туралы пікір алмасты.

 Түркістанның тарихи орны айрықша. Келешекте Түркі елдеріне ортақ іс-шараларының барлығын осында өткізу жоспарланған. Соған сай әрі дайын болуымыз керек. Мемлекет басшысының қолдауымен тарихи шаһарды дамыту жұмыстары жүріп жатқандығын өңір басшысы тілге тиек етті.

 Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу және қабылдау мәселесін Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ерекше бақылауға алып, жұмыс тобын құрды. Тиісті тапсырмалар берді. Бұл Заң жобасын ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ Түркістанның тарихи орнын айшықтайтын Заң жобасы маңызды әрі керек құжат екенін айтты.

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан: «Дәстүрге негізделген Заң өміршең болады. Менің ойымша, Түркістанның мәртебесі туралы Заң жобасы қысқа болса да, тарихи маңызы жоғары болады. Біздің өңірге келу мақсатымыз – Түркістан тұрғындарының, зиялы қауым өкілдерінің ойларын, пікірлерін тыңдау, ұсыныстарын білу. Заңды бекітерде осы ұсыныстар ескеріледі. Тұрғындардың тұрмыс сапасы, мәдениеті, білімі көтеріліп, Түркістан заманауи әрі бәсекеге қабілетті шаһарлар қатарынан орын алады деген сенімдемін»,-деді.