Шымкенттегі барлық мешітте 16 маусым, таңғы сағат 6:00-де «Айт намазы» оқылады. Мереке күні қалада бекітілген мал сою орындарында сағат 08:00-ден бастап құрбандық шалу дәстүрі жүзеге асырылады. Осыған орай, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы адам мен жануарларға ортақ, аса жұқпалы ауруларының таралуын болдырмау, қорғау мақсатында тиісті тәртіпке назар аударуды талап етеді.

Құрбандыққа шалатын малдың бірдейленуі, яғни құлақ жапсырмаларының болуы, Ауылшаруашылығы және ветеранириялық бақылауда тіркеуде болуы тиіс. Құрбандық малының ветеринариялық анықтамасы міндеттеліп, тек бекітілген орындарда сойылуы қажет. Сонымен қатар, алынған етті балалар үйіне, балабақшаға, ауруханаға, мешіттерге өткізген жағдайда №2 нысанды ветеринариялық анықтамасының болуы және тасымалдау барысында арнайы температуралық режимі сақталған көлікпен тасымалдануы тиіс. Қала аумағында мал союға арналған 3 орын бекітілді. Олар: «Замин» мал сою бекеті. Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабына қарасты А-Темур көшесі н/з; «Халал Қассаб» мал сою бекеті. Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Бозарық- 3 тұрғын алабы №1989 учаске; «Байтерек Агро» мал сою бекеті. Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабы, Махмут ата көшесі №72 учаске; Сондай-ақ онлайн режимде құрбан шалуға болады. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайты жұмыс істейді.