Шымкент темір жолы күрделі жөндеуден өтіп, тотыдайын таранды. Бекет ғимараты қала қонақтары мен жолаушыларға ыңғайластырылып, ел игілігіне берілді. Қайта жаңғырудан өткен темір жол вокзалы шаһар көркін арттырып, қаланың ажарын ашып тұр. Үшінші мегаполистегі республикалық маңызы бар нысанның заманауи келбетін әріптесім Гүлсанат Қалмырзақызы көріп келді.

 Шымкенттің темір жол бекеті соңғы мәрте 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Содан бері бақандай 14 жыл. Вокзалдың іші-сырты ескіріп, тозығы жеткен еді. Былтыр басталған реконструкциялау жұмысының нәтижесі осы. Қазір мұнда жолаушылар үшін бар жағдай жасалған.

Ғимарат екі қабатты. Қайта құрудан кейін нысан аумағы 1770-тен 2249-ға жетті. Екінші қабатта жолаушылар үшін күту залы, балалы аналар үшін жеке бөлме мен жеңіл-желпі ас ішуге арналған орын қарастырылған. Ал, бірінші қабатта билет кассалары мен багаж бөлмелері бар. Темір жол бекетінен күн сайын мыңдаған жолаушы Қазақстанның түкпір-түкпіріне жол тартады. Сапарға аттанады. Демек, стратегиялық нысан.

 Соңғы кезде бекеттегі бей-берекет тіршілік көпшіліктің көңілін құлазытып-ақ жүрген еді. «Ал, бүгінде вокзалдың келбетіне көз тоймайды»,- дейді, Атырау қаласынан Шымкентке жиі келетін Гүлжазира Момбекова.

 Құрылыс былтыр басталды. Араға жыл салып, аяқталды. Ғимарат толығымен жаңартылып, жолаушылар платформасының жабындысы ауысты. Инфрақұрылым жүйесі де түгел реконструкцияланды. Сәйкесінше, жолаушы өткізу қабілеті де артты.

Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды. Күрделі жөндеу – инвесторлардың есебінен жүргізілді. Нысанды сенімгерлік басқаруға алған компания енді 10 жыл бойы темір жол бекетін күтіп ұстауға міндеттті.