Елімізде жүйкесі жұқарғандар саны артқан. Осылай деп мамандар дабыл қағуда. Дерттің алдын алу мақсатында Шымкентте психикалық бұзылулар мен тәуелділіктерді диагностикалау, емдеу, бойынша ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырылды. «Психиатрия мен тәуелділіктің заманауи аспектілері» тақырыбында өткен кездесуде соңғы жетістіктер мен инновациялық тәсілдер талқыланды.
Шымкент қаласы бойынша 12 мың адам психикалық ауруға шалдыққан. Оның 25 пайызы 18 жасқа толмаған балалар. Жүйкесі сыр берген 29 жасөспірім қазір шаһардағы психикалық орталықта емделуде.
Психикалық аурудың да диагнозын тек арнайы маман ғана қоя алатынын естен шығармаңыз. Егер өз бойыңыздан дұрыс емес өзгерістер байқап жүрсеңіз, маманмен бірден кеңескеніңіз жөн.
Айта кетейік, алдағы уақытта Шымкентте ментальді денсаулық мектебі ашылады. Бұл орталық мұндай дертке шалдыққан науқастардың ата-аналары, туыстарымен ақылдаса отырып дертке шалдыққандарға көмек көрсетеді.