Шымкентте өзекті мәселелердің бірі - қоғамдық көлікке қатысты. Әсіресе жолақы төлеу жүйесіне байланысты шағым көп еді. Олқылықтарды жою үшін қоғамдық көліктегі ақы төлеу қызметіне тағы бір компания қызығушылық танытып отыр. «Автобус» деп аталатын жүйенің қазіргі «Төлемнен» айырмашылығы қандай? Оны енгізуге қандай қажеттілік болды? Күнту Арынбек тарқатып айтып берсін.

 Инновациялық Avtobys Bluetooth, NFC, QR кодтары арқылы жол ақысын оңай төлеуге болады, - дейді жауаптылар. Контактісіз кез келген банк карталары арқылы да төлем жасауға мүмкіндік бар. Қосымша арқылы студенттер, зейнеткерлер және басқа да санаттағы азаматтар арнайы карта сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалана алады. Тағы бір артықшылығы басқару және диспетчерлік жүйесімен қамтылған.

«Автобус» валидаторларын орындатуға бюджеттен қаржы бөлінбейді, бұл жұмысты тасмалдаушы мен жүйені орнатушы компаниялар жүргізеді. Жолаушылар көлігі басқармасының өкілі жаңа жүйенің енуі бәсекелестік ортаны қалыптастырып, қоғамдық көлік қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтереді деп санайды. Сондықтан да бұрынғы «Төлем» жүйесімен қатар қолданыла береді.

Avtobys мобильді қосымшасы арқылы басқа жолаушылардың әмияндарына қосымша комиссиясыз аударымдар жасауға болады, сондай-ақ басқа да қызметтерді төлеуге мүмкіндік бар. Әрбір жолаушы тетік арқылы өз автобусының бағытын қадағалап, аялдамаға келу уақытын болжай алады. Мұндай жаңашылдыққа қала тұрғындары дән риза.

Айта кетейік, жаңа жүйе Қазақстанның 16 қаласында қолжетімді. Яғни бір қосымша арқылы бірнеше өңірдің қоғамдық көлігінде жолақыны төлеп, қатынай беруге болады. Әзірге Шымкенттегі 4 автопарк аталған компаниямен келісімшартқа отырған.