Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркиядан келген инвесторлармен кездесті. Облыс әкімі атақты B.B.NURA басшысы Фатих Эргезерм және VIAMEDIS басшысы Асет Ахметов бастаған делегациямен Түркістан облысына денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту бойынша бірқатар жобаларды жан-жақты талқылады. Тараптар 500 орындық реабилитациялық орталығы бар медициналық кешен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін науқастарды емдеумен айналысатын амбулаторлы диализ орталықтарын ашу бойынша талқылады.

 Барлық орталықтар Америка, Германия мен Жапониядан шығарылған жетекші өндірушілердің заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталмақ. Сондай-ақ түрік компаниясы мемлекеттік-жекеменшік негізде бірқатар емханаларды дамытуға үлес қосуға ниетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында облыс аумағындағы 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы 2024 жылға жоспарланған. Сонымен қатар облыс аумағында жаңа құрылысты қажет ететін 61 медициналық нысандарды 2025-2026 жылдар аралығында инвестиция тарту арқылы іске асыру жоспарланып отыр.