Халық саны артқан Сайрам ауданында тағы бір мөлтек аудан құрылады. Жаңа қалашықта 12 мыңға жуық адам қоныстанбақ. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қарасу ауылдық округіндегі 57 га жер теліміне салынатын жаңа құрылыс аумағының бас жоспарымен танысты. Сондай-ақ Ақсукент ауыл округінде де 600 орындық білім нысаны салынып жатыр.


 Жаңадан құрылатын мөлтек ауданда 5 қабатты 49 тұрғын үй, әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарлануда. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, салынатын нысандардың сәулеттік үлгілерін талқылады. Сондай-ақ аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына инфрақұрылымдық жүйелерін жоспарға сәйкес жүргізу керектігін тапсырды. Мөлтек ауданның құрылысы 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Айта кетейік, ауданда биыл мемлекет тарапынан екі нысан бой көтермек. Сапар аясында облыс әкіміне өткен жылы құрылған «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесі таныстырылды. Мекеме экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да атсалысуда.


 600 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

 Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округінде 600 орындық білім нысаны салынып жатыр. Ауданға арнайы іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектеп құрылысымен танысты. Мердігерлермен кездесіп, сапалы әрі мерзімінде аяқтауды пысықтады. Сонымен қатар құрылыс барысында орын алған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Жалпы Сайрам ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарлануда. Ақсукент ауылдық округіндегі мектептен бөлек, Ақбұлақ және Қарасу ауылдық округінде де 600 орындық мектеп бой көтереді.


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ ІРІ МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ

 Дархан Сатыбалды «ЮКМЗ» АҚ «Су сорғыш станциялар және ауыл шаруашылығы техникалары, мұнай компанияларына арналған техникалар, полимер бұйымдар» шығаратын зауытта болды. Бұл машина жасау зауытының іргесі 1931 жылы қаланған. Жылына 100 насос шығаруға қауқарлы зауытта 181 адам жұмыспен қамтылған. Өндіріс орны «Алматы – Термез» халықаралық тас жолының жанында орналасқан. Машина жасау зауыты «Оңтүстік Қазақстан Индустриалды-инновциялық колледжінің» құрылтайшысы. Ақсукент ауылында орналасқан колледжінде болған облыс әкімі Дархан Сатыбалды оқу базасымен танысты. Колледж оқытушыларымен кездесіп, білім ошағының даму мүмкіндіктерін пысықтады.