Жастар біліммен қатар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру керек. Еліміздің келешегі ұлтжанды азаматтармен жарқын болмақ. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев шымкенттік белсенді жастармен кездесуінде осылай деді. Халық қалаулыларының қаламызға жасаған сапарын тілші әңгімелейді.

Елдің ертеңі белсенді жастардың қолында. Сенат төрағасы мемлекетімізді көркейту үшін әрбір жастың бойында ұлттық құндылықтар мен терең білім болу қажеттігін қадап айтты. Қазақстанда экономиканы әртараптандыру жұмыстары жүріп жатқандығын әңгімеге арқау етті. Ең бастысы Әділетті Қазақстан деген түсінікті түйіндеді. Барлық саланы дамыту үшін заң үстемдігі қажет. Жиын еркін форматта, жанды әңгімемен жалғасты. Жастар өздерінің ұсыныс тілектерін еркін жеткізуге мүмкіндік алды. Жастармен кездесуден кейін Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар AZALA Textile фабрикасының жұмысымен танысты. Мақта өнімдерін өңдеумен айналысатын еліміздегі бірегей фабрикада мәселелер баршылық. Ең бастысы өнімді өткізу ісі өзекті. Сенат төрағасы бұл мәселені алдағы уақытта арнайы қарауға уәде етті. Отандық өнімді дамыту үшін заң талаптарына қолдау көрсету керектігін жеткізді.