Шымкенттіктер Астана күнін тойлады. Арбат алаңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары «Жайна, ару – Астана!» концерттік бағдарламасын тамашалап, керемет көңіл күймен бір-біріне құттықтауларын жеткізді.

 Еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсынысты Президент 1994 жылы ҚР Парламенті отырысында жасап, 1997 жылдың 20 қазанында Жарлыққа қол қойды. Бас қаланың атауы Астана болып 1998 жылдың 6 мамырында өзгерді. Елорданың халықаралық тұсауы ресми түрде сол жылдың 10-шы маусымында кесіліп, 2006 жылға дейін елорданың туған күні ретінде тойланып келді. Ал 2006 жылдың 6-шы шілдесінде Астана күні болып бекітілді. Астанамен аттас елімізде 18 азамат бар екен. Соның бірі, біздің шырайлы Шым қаламыздың тұрғыны. Мерекеде өзінің өнерін дүйім елге паш еткен Астана Қарғабай есімін мақтанашпен айтып жүретінін айтады. Астана – тәуелсіздіктің символы іспеттес. Бүгінгі өмірдің талабына үндесе бой көтерген ғимараттар көрген жанды баурап алатыны сөзсіз. Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан астанамыздың 26 жылдық мерейтойын шымкенттіктер осылайша тойлады.