Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жастар арасында бопсалаушылардың бірнеше тобының ұсталғанын хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, департамент топтық бопсалауды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Жастар ортасына ерекше назар аударылады.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Павлодар облысы бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті прокуратураның келісуімен жастарды бопсалап келген бірнеше азаматты құрықтады. Олар осыған ұқсас 10 айғақпен айыпталып отыр. Топ мүшелері жәбірленушілерден 2 миллион теңгеге дейін ақша бопсалаған. Бұл ретте қылмыскерлерден қорыққан жәбірленушілер құқық қорғау органдарына хабарласа алмаған. Тәртіп сақшылары оларды ұстау кезінде травматикалық тапанша мен суық қару, сондай-ақ синтетикалық есірткі заттарын тәркіледі. Күдіктілер қамауға алынды. Зардап шеккендерге қауіпсіздік шаралары қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр - деп қосты министрлік.