Облыстың климаттық ерекшелігіне орай, республикада алғашқы болып 282 мың гектарға егілген астықты ору науқаны басталды. Гектар түсімділігі 19 центнер болып, 534 мың тонна дән жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнге жоспарланған егіс көлемінің 39 мың гектары орылып, 80 мың тонна астық қамбаға құйылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына барып, саладағы жұмыстарды бақылап қайтты.
Егістік басында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов есеп берді. 483 гектар жердің 350 гектарына бидай, қалғанына өзге өсімдіктер егілген. 4 адам тұрақты, 10 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл дақылдар 873 мың гектарға егілді. Оның ішінде жаздық дақылдар – 497 мың, күздік егіс – 202 мың, ескі жоңышқа 175 мың гектарға себілген. Бүгінгі күнге 740,0 мың тонна өнім жиналды. Сондай-ақ 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңа тәсілдерді қолдануды алға тартты. Егістікті әртараптандыру, жұмысты жүйелеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.